1. Білім беру ұйымдарында қамқоршылық кеңестің жұмысын ұйымдастыру және оны сайлау тәртібінің үлгілік қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 44-бабының 9-тармағына сәйкес әзірленді және білім беру ұйымындарында Қамқоршылық кеңесінің (бұдан әрі - Қамқоршылық кеңес) жұмысын ұйымдастыру және оны сайлау тәртібін айқындайды.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің 02.04.2018 № 123 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
2. Қамқоршылық кеңес Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарына, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне, Қазақстан Республикасының прокуратура органдарына, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне және Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне ведомстволық бағынысты әскери, арнаулы, медициналық және фармацевтикалық оқу орындарына, мемлекеттік емес білім беру ұйымдарына, сондай-ақ акционерлік қоғам нысанында құрылған мемлекеттік коммерциялық емес білім беру ұйымдарын қоспағанда білім беру ұйымдарында құрылады.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің 02.04.2018 № 123 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
3. Қамқоршылық кеңес білім беру ұйымының әкімшілігімен, ата-аналар комитетімен, жергілікті атқарушы органдармен, мүдделі мемлекеттік органдармен және өзге де жеке және/немесе заңды тұлғалармен өзара әрекет жасайды.
4. Қамқоршылық кеңес мүшелерінің өз өкілеттігін орындауы өтеусіз негізде жүзеге асырылады.
5. Тиісті саланың уәкілетті органы немесе білім саласындағы жергілікті атқарушы органы өзінің интернет қорында және/немесе әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымында Қамқоршылық кеңестің құрылатындығы және оның құрамы бойынша ұсыныстардың қабылданатындығы туралы хабарландыру қазақ және орыс тілдерінде орналастырады.
Ұсыныстарды қабылдау хабарландыру жарияланған күнінен кейін он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің 02.04.2018 № 123 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
6. Қамқоршылық кеңестің құрамы Қамқоршылық кеңеске мүше болуға үміткерлердің жазбаша келісімімен алынған ұсыныстардың негізінде қалыптастырылады және тиісті саланың уәкілетті органы немесе білім беру саласындағы жергілікті атқарушы орган ұсыныстарды қабылдау аяқталғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде бекітеді.